10 000 теңгелік номиналды банкноттың өзгертілген дизайнмен 2012ж. үлгісінің сипаттамасы

Өлшемі: 149х79 мм Басым түсі: күлгін көк Бет жағында: суреттер негізінен тігінен орналасқан. Негізгі бейнелер: банкнотаның оң жағында «Қазақ Елi» монументі және төменгі бөлігінде ортада ұшып жүрген кептердің бейнесі. Жоғары бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары бейнеленген: мемлекеттік елтаңба және мемлекеттік ту. Сол жақта төменде және жоғары жақта номиналдың цифрлық белгіленуі басылған, сол жақта ортада – номиналдың мемлекеттік тілдегі әріптік белгіленуі жазылған. «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» деген жазу сол жақ жоғарғы бұрышта орналасқан, оның үстінде қолдан жасағаны үшін жауапкершілік туралы ескертетін мемлекеттік тілде «Банкноттарды қолдан жасау заңмен қудаланады» деген жазу бар. Сырт жағында: суреттер негізінен көлденеңінен орналасқан. Негізгі бейне: Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы Ақорда, артқы көріністе Қазақстан картасының пішіні. Сол жақта төменде, оң жақта жоғарыда және оң жағынан ортаға қарай банкнота номиналының цифрлық белгіленуі, ал төменде ортасына қарай - орыс тілінде әріптік белгіленуі орналасқан. Жоғарыда ортада «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» деген жазу басылған, сол жақ жоғарғы бұрышта ақ түсті бос орында қолдан жасағаны үшін жауапкершілік туралы ескертетін «Подделка банкнот преследуется по закону» деген жазу орналасқан.